«Жұмысшы-мерейлі мамандық»
Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру мақсатында биылғы жылы , яғни, 2025 жыл елімізде "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», деп атап көрсетті.
Жұмысшы мамандығының беделін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу, қапысыз атқару қажет.
«Жұмысшы мамандықтары» дегенде жұмыстың ауыр-жеңілін талғамайтын құрыш білектілер еске түседі.Алайда бүгінгі таңда жұмысшы мамандығына деген жастардың қызығушылығының төмендігі байқалады. Меніңше, оған бірнеше фактор әсер етеді. Мысалы, отбасындағы тәрбие, маман даярлайтын ұйымдардың ахуалы, жалақының аздығы, жас мамандарға сенім артпауы, тағысын тағы. Жұмысшы мәртебесі төмендеп барады. Жұмысшы болудан жасқанатындар көп. Сондықтан да жұмысшы мәртебесін көтеріп, оларға дұрыс баға беріп, жастардың, жалпы ортаның жұмысшы мамандығына деген көзқарасын өзгертуіміз керек. Осы орайда, Президентіміздің осы бастамасын оң іс деп ойлаймын. Ойлаңыздаршы , егер де жұмысшыларымыз болмағанда, күн көруіміз, өмір сүру ортамыз қалай болар еді? Біздің жайлы, таза ортада қызмет жасауымыз, ішкен асымыз бен киген киіміміз, біздің жалпы материалдық жағдайымыз тікелей осы маман иелеріне байланысты емес пе? Міне, тағы да айтарым бұл маман иелеріне деген құрметімізді асыру керекпіз.
Қарасай батыр ауылы, «Мәдениет орта мектебі» КММ-де бүгінгі күні бірнеше жұмысшы өз қызметтерін адал да, абыройлы атқаруда. Әр жұмысшының өз міндеті, өз уақыты, өз қиындықтары бар. Бұл маман иелерінің жұмыс істеу уақыттары таңнан кешке дейін болса да, жалақыларының төмендігіне қарамастан, өз еңбектерін абыроймен, үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Дәл, осы орайда, мен мектебіміздің еден жуушысы Жанакулова Нұргүл Ораққызын атап кеткім келеді. Нұргүл Ораққызы мектебімізде 2009 жылдан бері қызмет атқаруда. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырып отырған отбасындағы қадірлі ана, аялы әже болып отырған жан. Өз жолдасымен жыл отасып, бүгінгі күні ұрпаққа өнегелі отбасының үлгісі болып отыр десем артық болмас. Нұргүл Ораққызы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өзгелер тарапынан туған келеңсіз жағдайларда еш уақытта артық мінез көрсетіп көрген емес. Әр жағдайға сабырлылықпен қарап, ақылдылық таныта біледі. Өз қызметін атқаруда тынымсыз еңбек етіп, өз маманының адал иесі екенін көрсетіп жүрген жан. Үлкенге құрмет көрсетіп, үлгі тұтып, кішіге ізет көрсетіп, өз қол ұшын беріп, өз мамандығына деген құрмет тудырып жүрген адал жұмысшы.
Сондықтан да еңбек адамдарының, жұмысшы мамандарының орасан шаруа атқарып жүргенін қоғам болып насихаттауымыз керек. Өйткені жұмысшы маман иелері- өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс жасайтын еңбек адамдары! Осы маман иелеріне деген құрметті арттырып, жұмысшы мамандығына деген ортаның қызығушылықтарын жоғарылатуымыз керек.